Тұрғындар шағымы бойынша жұмыстар 1 аптада реттелмек
Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметов Сарайшық ауылындағы тұрғын үйлерде туған мәселеге түсінік берді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀
Спикердің айтуынша, Махамбет ауданы тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан орталығынан 32 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен бірге, Махамбет ауданы бойынша 19 тұрғын үй көпбалалы отбасыларға сатып алынып берілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да биыл Бейбарыс, Таңдай, Ақжайық ауылдарында бір тұрғын үйден, Талдыкөлде – екі, Махамбетте – алты, Сарайшықта сегіз тұрғын үй қолданысқа берілген.
Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметовтің айтуынша, Сарайшық ауылында 57 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 19-ы – көп балалы отбасы. Солардың 8-іне жақында арендалық негізде тұрғын үй кілттері берілген.
Жаңадан берілген тұрғын үй қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Ауыз су, кәріз желісі, жуынатын бөлмелері бар. Барлық тұрғын үйлер жеке автономды жылыту қазандығы арқылы жылытылуда. Келісім-шарт бойынша бір тұрғын үйдің жалдау құны 1 айға – 5 мың 953 теңге.
⠀
Аталған көпқабатты үйдегі бірнеше пәтердегі олқылықтарға қатысты шағымданушылармен аудан әкімдігі кездесу өткізген.
⠀
– Тұрғындар кейбір пәтердің салқындығына, ішкі әктеу жұмыстарындағы кемшіліктерге шағымданды. Осыған байланысты, жылу жүйесіндегі радиаторлар саны көбейтіліп, еден жабыны астына жылы фольга төселеді. Ішкі бөлмелер қайта әктеледі. Бұл жұмыстар бір аптада толықтай реттеледі, – деді Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметов.
⠀
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй комиссиясы өткізіліп, алушылармен келісім-шарт толық жасақталмауына байланысты, заңды түрде иелері анықталмағанын айтты. Сондай-ақ, ол пәтер бұйырған көпбалалы отбасылар пәтерді өздері қалаған уақытқа дейін жалдап тұра алатынын, тіпті, уақытша тұрақтан бас тартқан жағдайда кезегі сақталатынын да түсіндірді.