Қазақстан Тәжікстанға 100 мобильді ӨЖЖ аппаратын жіберді
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 22 желтоқсан күні Қазақстан Тәжікстанға автокөлікпен «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 100 жиынтығын жіберді.
Министрлік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 837 «Тәжікстан Республикасына ресми гуманитарлық көмек көрсету туралы» қаулысын орындау шеңберінде құрылғылар жіберді.
Айта кетсек, «Көкшетау-4П» аппараттары Көкшетаудағы «Тыныс» зауытында құрастырылады. Кәсіпорын айына шамамен 500 осындай құрылғы шығарады. Бір аппараттың бағасы – 750 мың теңге. Бұл құрылғылар мобильді түрде жұмыс істейді. Мысалы оларды жедел жәрдемге орнатуға немесе үйде пайдалануға болады.