Қазақстан – лаңкестік деңгейі төмен елдер қатарында

Қазақстан лаңкестік деңгейі жағынан ең қауіпті елдер рейтингінде 135 елдің арасында 93-ші орын алды. Бұл туралы energyprom.kz сайты хабарлады.
Елдің индексі – 0,901. Бұл көрсеткіш өте төмен қауіп деңгейіне жатқызылады.

Индекс мәні неғұрлым жоғары болса, елде жанжалдар мен лаңкестік актілер соғұрлым жиі болады. Егер индекс нөлге тең болса, бұл елде лаңкестік қаупі мүлдем жоқ екенін білдіреді.

Рейтинг мәліметтеріне сәйкес, антикөшбасшы елдердің «ондығында» өлімнің 80 пайызы лаңкестіктен болатын елдер кірді.

Лаңкестік қаупі жоғары елдер рейтингін Ауғанстан, Ирак және Нигерия ашып отыр.

2020 жылғы қаңтар–қазан айларында елімізде экстремизм және лаңкестікпен байланысты 189 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға аз.

Салыстырмалы түрде: 2019 жылғы қаңтар–қазан айларында 222 оқиға тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға аз.