Құжат мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама келеді
Енді телефон нөмірлері мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама келетін болады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның ресми сайты хабарлады.
Еске салатын және көрсетілетін қызметке сілтемесімен хабарлама мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда келеді. Жаңа құжатты алу үшін Сіз үйден шықпай-ақ eGov.kz арқылы өтініш бере аласыз.
«SMS-хабарламалар жіберу арқылы біз проактивті форматта жақын арада құжаттардың мерзімі аяқталатын қазақстандықтарды ескертуді жоспарлап отырмыз, бұл азаматтарға Gov.kz порталы арқылы құжаттарын мерзімі өтпей тұрып тапсырыс беру мүмкіндігін береді. Осылайша біз қазақстандықтарды мерзімі өткен құжаттар үшін айыппұлдардан сақтағымыз келеді», — деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
SMS-хабарлама алған азаматтар Gov.kz порталында өз құжаттарының әрекет ету мерзімін ұзарта алады.
Жеке куәлік пен паспортты «Паспорт, жеке куәлік алу» қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжаттарды тек ХҚКО-да ауыстыруға болатынын атап өткен жөн.
Жүргізуші куәлігін құжаттың қолданылу мерзімі өткен, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайларда eGov.kz порталында онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін порталда «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет.
Сондай-ақ, мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға 1414-тен туған күніне орай құттықтау мен тілектері бар хабарламалар келеді.