Облыста нәресте өлімі 12,6 пайызға төмендеді
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлімдеді.
– Биылға 9 айда 13 194 бала дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1 %-ға артық. Нәресте өлімі 12,6 пайызға, жазатайым оқиғалардан болған өлім 2,4 %-ға төмендеді. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесінен болатын ауру 10,8 %, туберкулез 26,8 %, қатерлі ісік аурулары 10,5 %-ға төмендеген. Бұл оң динамика көрсеткіштері.
Өкінішке орай, теріс динамика көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Биыл жалпы өлім көрсеткіші 42,8%-ға артып, табиғи өсім 6,5%-ға төмендеді. Қатерлі ісіктен болатын өлім 9,1%, туберкулезден болатын өлім 22,2 %, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 33,7 %-ға артып отыр, – деді басқарма басшысы.
Соңғы 9 айда өңірде ана өлімінің 9 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 5-еуі коронавирус пен коронавирустық пневманиядан көз жұмды. Былтыр осындай кезеңде 3 ана өлімі тіркелген.