«Жаңғыру жолы» қозғалысы зағип жандарға көмек көрсетті
Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы «Мөлдір көз» соқырлар қоғамына екі тонна көкөніс өнімдерін алып берді.
Қозғалыс жетекшісі, Атырау қалалық мәслихат депутаты Тамила Розметованың айтуынша, мұндай қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасады.
Енді олар тек көкөніс өнімдерімен ғана емес, сондай-ақ, мұқтаж жандарды табиғи таза ешкі сүтімен, одан жасалатын тағам түрлерімен қамтамасыз етуді қолға алады. Аптасына бір рет осындай көмек көрсетіп, еріктілер әр мұқтаж жанға қажетті өнімдерді мекенжайына жеткізіп беруге жұмыстанады.
Атырау облыстық соқырлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, І топ мүгедегі Жұмабай Әбуғалиев мүмкіндігі шектеулі жандарға мұндай қолдаудың қажет екенін айтты.
Ол кісі былтыр зағип жандардың «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігін ашқан. «Мөлдір көзде» 127 мүгедек тіркелген. Оның ішінде бірінші топқа жататын 67 мүгедек бар. Сондай-ақ, 12 адам жеңіл тамақ өнеркәсібімен айналысады.
Үкіметтен 59 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алады екен. Ол қаражат көп нәрсеге жете бермегендіктен, осындай қайырымдылық көмектің олар үшін мәні зор.