Індетпен күресуге тағы 238,7 млрд. теңге бөлінеді
Сенаттың жалпы отырысында 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке толықтыру мен өзгерту енгізу қабылданды. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.
Бұған дейін Мәжілістен қолдау тапқан заң жобасы Сенатқа жетті. Бұл заң жобасына толықтырулар мен өзгерту енгізудің басты мақсаты – медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдау.
– Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд. теңге сомасында қосымша шығыстар көзделіп отыр. Бұл қаржы мынандай бағыттар бойынша жұмсалады: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд. теңгеге қосымша ақы төлеу; тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге – 83,2 млрд. теңге; ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақылар төлеуге – 11,7 млрд. теңге, – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.