Биыл қиылған некенің 25 пайызы бұзылған
Отбасылардың неке бұзуларына түрткі болатын себептер анықталды. Бұл туралы облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында белгілі болды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бүгін Атырау облысы Іскер әйелдер ассосациясының төрайымы Нұрлы Айтиеваның басшылығымен комиссия отырысы болып өткен. Аталған жиында ерлі-зайыптылардың ажырасуы, отбасындағы зорлық-зомбылық, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі сияқты мәселелер көтерілді.
Жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша ажырасуға жастардың бірін-бірі жөнді танымай жатып отбасылы болуы, қызғаныш, отбасылық қаражат, балалы болмау, туыстардың араласуы сияқты бірнеше себептер өз әсерін берген.
Биылғы жылдың 9 айына талдау жасаған статистикада облыс бойынша 4 638 неке қию тіркелсе, 11 92 ажырасу орын алған. Бұл – құрылған шаңырақтың 25 пайызы.