Дәрі ішіп уланған жасөспірім құтқарылды
Атыраулық дәрігерлер қан қысымын түсіретін дәріні көп мөлшерде ішіп, уланып қалған 12 жасар қызды аман алып қалды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Дәріден уланған қыз баланың жағдайы нашарлаған күйде облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дулат Сабыровтың айтуынша, ол қан қысымын түсіретін дәріні аса көп мөлшерде ішіп, уланып қалған.
Жан сақтау бөлімінде жатқан пациенттің денсаулығы үшін дәрігерлер 12 сағат арпалысты. Жағдайы жақсарған соң жасөспірім палатаға ауыстырылып, денсаулығы қалпына келген соң үйіне шығарылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қыз бала отбасында болған келіспеушіліктерге байланысты ренішпен көп мөлшерде дәрі ішкен.