Қазақстанға 390 млн. теңгеден астам ақша қайтарылды
2020 жылғы 14 қыркүйекте Швейцарияның Федералдық билігі «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық мүшелері жымқырып, шетелге шығарған 390 млн. теңгеден астам қаражатты Қазақстанға қайтарды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Аталған қаражат 2012 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық ұйымдасқан топтың белсенді мүшелерінің бірі Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі Швейцария банкіндегі шетелдік компанияның шотында болған.
Швейцариядан Әбдіралиевтің қылмыстық активтерін қайтару бойынша жұмыс 2018 жылдан бері жүргізілген.
Бұған дейін 2019 жылы осы іс бойынша мемлекет кірісіне Швейцариядан 140 млн. теңге қайтарылған еді.
Осылайша, осы іс бойынша Швейцариядан мемлекеттік бюджетке шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыс шеңберінде түскен қаражаттың жалпы сомасы шамамен 530 млн. теңге болды.
2011 жылы Қазақстанның сол кездегі экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі Алматы облысындағы «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттері мен «Алатау» техникалық қызмет көрсету орталығын тексеріп, 100-ге жуық адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленгенін хабарлаған. «Қорғас ісі» деректеріне қарағанда, сотталғандар Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Іс материалдары бойынша, қазір іздеуде жүрген Мағзұм Әбдіралиев – осы қылмыстық топтың қаржысын шетелде заңдастырумен айналысқан азамат.