Ар-намысым һәм рухым құл болды, Дөңгеленген дүниенің алдында…
Арман Жайықбаев, 1987 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында өмірге келген.
Ақын, Қазақстан Журналистер одағы мен Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.
***
Өлу деген – ояну О дүниеде…
Жалған өмір… жалған күн… жалған бәрі…
Ауызында аяқсыз қалған да әні
Көлігінсіз қу жаның…
кетеді ұзап,
Таусылмайтын пенденің армандары…
Бақытым деп бағамдап, шыңға асығу –
Қайта-қайта көлденең сынға асылу!
Үмітінен үзіліп, сөніп кету –
Күні түнмен алмасып, құмға сіңу!
«Уақытша»… сөзіне құлақтану –
Сырын ұқпай санада сұрақ қалу.
Жоғалу мен жоғалту қимасыңды –
Сыйласыңды таба алмай жылап қалу…
Жиғанына жымиып жүр малданып
Жұртым менің,
(соңында құр қалды анық)
Жоқтарсыңдар мені де өксіп-өксіп,
Тоқтарсыңдар ақыры жырға алданып!
Опасыздық жасамас, сендей қылық
Тастанды өмір… меңіреу өңдей қылып
Өлу деген – ояну о дүниеде,
Өлу деген – көну ғой, көнбей жүріп…
***
Адамзат, ауыр сендегі от!
Көтеріп келед жер мына.
Күнəдан алыс пенде жоқ,
Күнəсіз едім деу – күнə!
Тойымы кеткен хандардың
Азғындап кеткен қоғамы.
Қалтасы қалың жандардың
Маркасы осал болады!
Ар-ұят өлді! Көнердік!
Кешірдік елін сатқанды.
Төмпештеп ала жөнелдік
Онсыз да жылап жатқанды!
Басы ауырып елдің жарымы,
Қайдағы жоқты қозғасын…
Ананың тіліп қарынын,
Жетімнің сауып көз жасын!
Жеткенім талай жыл күтіп,
Көргенім отыз жасым кеп…
Доңыздың майын қылғытып,
Есектің етін асып жеп…
Арамнан ал кеп асадық,
Жыртылып жатып жамадық.
Мысықтан барыс жасадық,
Барысты торға қамадық!
Бəрі де кетіп, жан қалды…
Бүкірді көрі түзетпек.
Қорусыз қалған жерлерді,
Қорғансыз қалған заңдарды,
Қояндар қайтіп күзетпек?
Күмəнді сірə, əй… тегі?!
Тексіздік сұйық сүт еді.
– Шарасыз əлем қайтеді?
– Ақырзаманды күтеді!
Адамзат, ауыр сендегі от!
Көтеріп келед жер мына.
Күнəдан алыс пенде жоқ,
Күнəсіз едім деу – күнə!
***
Бір теңге…
Неге бүгін күреңітіп алды аспан?
Атырауда алабөтен балшықта –
Бір теңгенің арқасына жармасқан,
Елтаңбамыз жатыр екен шалшықта.
Сонда менің әуенімді шерте алған
Ешкімі жоқ жазылмаған жарамын…
Аяқ асты қалған кезде Елтаңбам,
Көкірегімді қарс айырды қара күн!
О, Қара күн, қарабетпен кездестің!
Елдік, ерлік намысы жоқ ерместің
Күйін кешіп… батыс жақтан келмеспін.
Мені Ұлт деп қадірлемес енді ешкім!
Адамың аз тартып ардың азабын,
Патриоттың әңгімесін тыңдаған.
Бір теңгені көзге ілмейді қазағым,
Алақаны ақша ұстаса мыңдаған!
Шатырыма нұр орнына күл қонды…
Қара басып жылдар ұйықтап қалдым ба?!
Ар-намысым һәм рухым құл болды
Дөңгеленген дүниенің алдында!
Өмір шолақ! Өліміңді ескеріп,
Мұң беріп тұр көңіліңе бүрлеген.
Ғимараттар қақшияды сес беріп,
Төбесіне ту көтеріп кірлеген…
«Онсыз-дағы мәз емес ед жай-күйім.
Қалайтыным – кең қалтаның толғаны.
Рең кеткен рәмізімді қайтейін,
Костюміме шаң жұқпаса болғаны?!»
Дейтін елге бақыт ұзақ түнемес.
Түйсігіңмен түртіп алып бойларсың!
Көз алдыңнан қылаң берсе бір елес,
Күлтегін мен Абылайды ойларсың!
***
Арлан едім апанда
Жата алмаған, дүние-ай!
Алдай соғып артымнан,
Бата алмаған, дүние-ай!
Торда отырған торғайдың
Күйін кештім, дүние-ай!
Қайда апара жатырсың,
Дүйім көшті дүние-ай?!
Жолбарысты жортатын
Мысық еткен, дүние-ай!
Қорқақтаған қоянды
Пысық еткен, дүние-ай!
«Шаһар шаттық» шалқалап,
Тор ішінен өлуде…
Елдің мұңын арқалап,
Жердің нұры сөнуде…
Сабыр, Елім, жанса шам,
Барша жұрттың бағына –
Үйде отырып шаршасам,
Мызғып алам тағы да…
***
ДАТ!
Мына дүние тұрмайды ылғи үтірден!
Қараң қалған Пақырлармыз күтімнен!
Сәбилер аз біздің сорлы Қазақта –
Ақсақалдар ауызына түкірген!
Түн ішінде түртінектеп жатпаған
Маған келіп мұң шегеді Салт-санам!
Абыздар мен Ақсақалдың орнына
Шақар шалдар қаптаған!
Көңілімнің күркіреген ақпанын
Қайта оятсам – қар борайды қап-қалың!
Айтыңдаршы, не боп барады арттарың,
Карта ойнаған Қарттарым?!
Жастығымнан ерте үзілген күй… мейлі!
Бүйте берсек бізді Құдай сүймейді!
Осыны ойлап жылап тұрсам еңкілдеп,
Әтір сепкен әжелерім кеңкілдеп,
Апаларым асыр сала билейді!
Мұнартады мұңға толы моламыз!
Шыбығымен «шып» еткізіп шолақ із,
Тастай салды қарақұрым тобырға,
Енді біздер қалай ғана оңамыз?
***
Сен өлгенде…
кетесің жерден ұзап,
Ана жақтан әніңді жалғастырып.
Аттандырып еліңді көрден ұзақ,
Тұрағыңды аспанмен алмастырып.
Сен өлгенде… адамзат тоналады,
Жарқыраған бір жұлдыз жоғалады.
Жылай, жылай жамағат оңалады,
Сене алмаймын мен байғұс соған әлі!?
Бетке тіліп бес күндік ақымақты,
«Рух түріңе» талай түн үңілермін.
Тас бүркеніп жатып ап топырақты,
От үрлейсің жанына тірілердің!
Маубас мола алыстан мұндалайды…
Сары далам сарнайды, құмда қайғы.
Алаулаған таңдарды түн қамайды.
Бұл есепті есектер тыңдамайды!
Сен өлгенде…
Болады былай бәрі:
Қатарынан қайғылар шегіледі!
Біраз қатын жоқтайды, жылайды әлі,
Бірнеше қыз ішінен егіледі!
Жастық мұң жастығына төгіледі.
Көңілінің көбесі сөгіледі.
Жер тартып жігіттіктің көкірегі,
Талай, талай кеуделер шөгіледі!
Сен өлгенде…
***
Ануар досқа!
Тарих тастарын қақшитып өріп,
Жылжып барады шері азған.
Азу тістерін ақситып өліп,
Қапыда қалған ер аз ба?!
Ғасырым отыр тосып керегін,
Жорысам біраз түстің дерегін –
Бабалар біздің көшіп келеді…
Балалар біздің өсіп келеді!
Дархан даланы қалаймын көптен.
Түспейді көзге қалада ай…
Алақан жайып қараймын көкке,
Кәмпит сұраған баладай.
Жанарым көкті аңсай келеді…
Шексіз әлемге жетем деп!
Құдайдың жаны шаршай береді,
Қораптың ішін мекендеп…
Тербесін дедім Қыр қасына алып,
Аттанып содан далаға.
Өзіңмен біраз сырласып алып,
Кетіп барамын қалаға.
Үйретілгендер күнелтті кілең…
Жүзінен жарық солғасын.
Сені де бір күй жүдетті, білем,
Жүрегің Қазақ болғасын!
Асаулық тегім қалыпты-ау аздап!
Барлығы бірдей өлмеген.
Батысқа бір от барады маздап
Жеңіліп әлі көрмеген…
Ғасырым отыр тосып керегін,
Жорысам біраз түстің дерегін –
Бабалар біздің көшіп келеді…
Бабалар біздің көшіп келеді…
***
(Жемегесін ылғи жылқы… жегесін!)
Қатындығын көрсетті өмір расында!
Арлан отыр екі өліммен егесіп,
Бөлтірігі құран оқып басында.
Түн біткенде ылғи ұлып жүр ме едің?
Көкірегіңді көкте жүзген ай тесіп.
Сыймағасын. Қалмағасын құрметің,
Ермегі жоқ мына өмірді қайтесің?
Қасқыр біткен өкінбеген ісіне.
Не білесің, болмағасын жетеңде ой?!
Баяғыдан кіріп жүрген түсіне,
Күлтегіннің Көк бөрісі екен ғой!
Сайқал күндер самсай берді неге алдан?
Бұза берді қайсар, қатқыл өңді кеп…
«Түлкілерді жек көремін» деп арлан,
Соңғы деммен ұлыды ұзақ соңғы рет!
Ең соңғы рет мейіріңді төк күнім.
Қашан да анау жолы болғыш ептінің.
Құрығынан құтылмаған кекті үні…
Ұрығынан болған едік тектінің!
Көк астында жалғыз досы, жатыр ай.
Мына қырдан қимастықтың күйі ақты.
Алыс жаққа аттанбаса… апыр-ай,
Бабалары шақыратын сияқты!
Бақыт ұзақ… анау қырда қалды үміт!
Шолақ дəурен өр көңілді күйретті…
Бөлтірігін мөлдіреген қалдырып,
Қаталдықты өзі бастап үйретті.
Тəңірімен табысатын табытсыз…
Түн сүйетін тар маңдайын күн шылап,
Арлан жалғыз аттанғанда бағытсыз…
Ақшуландар қимады ұзақ қыңсылап.
Атағы асып, аты ілінер аспанға…
Сүймесең де сүйікті боп қалғандар.
Өңкей түлкі орманыңды басқанда
Керек қолға үйретілмес арландар!