Ломбардтар мен микро-қаржы ұйымдары тексерілуде
Ломбардтар, онлайн-компаниялар және микроқаржы ұйымдары тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік аталған мекемелердің жұмыстарын тексеруді Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 26 ақпандағы кеңесте берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Қаржы министрлігі және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
1 маусымға дейін Қазақстанның 17 қаласында орналасқан 276 ломбардқа, халыққа қарыз беретін 11 онлайн-компанияға және 1 микроқаржы ұйымына тексеру жүргізілген.
Агенттік Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта кәсіпкерліктің қарыздары бойынша негізгі борыш және сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау мәселелерін тексеріп жатыр.
Агенттіктің тексеру мәселелерінің аясына сыйақының шекті мөлшері, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеу, бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және жүргізу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын сақтау кіреді.
Сонымен қатар, агенттік прокуратура органдарымен бірлесіп қаржы пирамидасының және заңсыз банк қызметінің белгілерін тексереді.