Атырауда Президент шыршасына 300 бала қатысты
24 желтоқсан, Абай орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты дәстүрлі ҚР Президентінің Жаңа жылдық шыршасы өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Шараға қала және аудандардан келген ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық, спорттық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларда ерлік көрсеткен барлығы 300 бала қатысты.
Арнайы шақыртумен келген балаларды облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев құттықттады.
– Қымбатты балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан қоян жылында облыстың білім беру саласында көптеген мектеп, балабақша ашылып, оқыту жүйесінде де оң өзгерістер болды. Сондай нәтиже Жаңа жылда да жалғасын табады деп сенемін. Ал сол нәтижені көрсететін әрине, сіздер. Оқуда озат болып, алғырлығыңызбен алар биіктеріңіз мол болсын! Келешекте Отанын сүйген үлкен азамат атаныңыздар! Білімдеріңізді шыңдап, алға қойған арман-мақсаттарыңызға жетуіңізге тілектеспін! Жаңа жылымыз берекеге толы болсын! – деді Ж.Бисембиев.
Жаңа жылдық шыршада мемлекет басшысы атынан балаларға ақшалай сертификат, ҚР Президентінің құттықтау хаты мен тәттілер сыйға берілді.
Мемлекет басшысының сыйлығын алғандардың қатарында Қызылқоға ауданы Миялы ауылдық округінен келген 11 жасар Дильназ Қанатқызы да бар. Ол осындай көңілді шараны ұйымдастырушыларға балалық жүрекпен алғысын айтты.
– Мен бүгін осындай әдемі кештің куәгері болғаныма қуаныштымын. Маған бүгінгі кеште қойылған көрістер, көңілді ән мен әдемі билер ұнады. Осындай әдемі кештер жалғасын тапса екен. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын, – деді Д.Қанатқызы.
Жаңа жылдық шыршада балалар Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, ән айтып, би биледі. Мерекелік шоу-бағдарлама аясында ертегі және мультфильм кейіпкерлері сахналық қойылым қойды.