Атырауда Донеділ Қажымовтың шығармашылық кеші өтті
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші, композитор Донеділ Қажымовтың «Атырау – алыптар мекені» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Шығармашылық кеште Мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова композитордың «Ақжайық – ару мекенім» әнін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғмаров «Ауылым – алтын бесігім», «Ақжайық» әндерін, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің әншісі Ардақ Айғалиева «Ақжайық өңірі», «Сағыныш сазы» әндерін орындады. Сондай-ақ, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, композитор, әнші Жаскелең Ғайсағалиев «Әдемі арман шағым», «Жеңешем» әндерін, аталған филармонияның әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова «Жайық жағалаулары», «Айлы түн» әндерін, «Ерен еңбегі үшін медалінің» иегері Марат Сарбупеев «Махаббат», «Екеуміз» әндерін шырқады. Ал БҚО филармониясының әншісі, республикалық конкурстардың лауреаты Тарас Жауымбаев «Мен туралы ойладың ба?», «Маэстро» әндерін көрерменге тарту етті.
– Біріншіден осы шығармашылық кешімен келгендері үшін Атырау тұрғындарына, қонақтарына алғысымды айтамын және көптеген әншілер келіп, мені қолдап жатқандарына ризашылығымды білідремін. Бүгінгі кеш өте жоғарғы деңгейде, ойдағыдай өтіп жатыр, өте қуаныштымын. Сонымен қатар облыс әкімі Серік Шәпкеновке және Атырау облысы мәдениет және тілдер дамыту бақармасына алғысым шексіз. Бізді қолдап, осындай керемет кешке үлесін қосып отырғандарына мың алғыс, – деді Д.Қажымов.
Сонымен қатар, кеш барысында «Ақжайық, елге келсем, сен деп келем», «Сағыныш», «Жауап бер, уақыт!», «Алтынай», «Орал, әнім сенсің шалқыған», «Өзіңмен ғана билеймін» әндерін Донеділ Қажымовтың өзі шырқады.
Айта кетейік, Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымов 1952 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданында дүниеге келген. Композитор, термеші. Республикалық термешілер конкурсының лауреаты. Ол Құрманғазы атындағы музыкалық училищесін тәмамдап, еңбек жолын 1970 жылы автоклуб меңгерушісі болып бастаған. «Ақ Жайық» облыстық халық ансамблінің әншісі, кейін музыкалық жетекшісі болып еңбек етті. БҚО халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі, кейін орталық директоры, Г.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының директоры және көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. Бүгінде Қазақстан Композиторлар одағы филиалының өкілі, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры қызметтерін атқарады.
Д.Қажымов «Ақ Жайық», «Айлы түн», «Махаббат», «Ақ Жайық — ару мекенім», «Екеуміз» атты әндерімен жұртшылыққа кең танымал.