Қызылқоғада өткен айтыстың жеңімпаздары анықталды
Қызылқоға ауданында өтіп жатқан аймақтық этнофестиваль аясында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Жыр додасына Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен 6 ауданнан 12 ақын қатысты, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Айтыстың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтау сөз сөйлесе, аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали 42 жыл ұстаздық қызметпен қатар, айтыс өнерін дәріптеген Жайғали Өтеуғалиға ауданның Құрметті азаматы атағын берді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қызылқоғалық Батыржан Кәдірбайға бұйырса, бірінші орынды Батыс Қазақстандық Бауыржан Шермеденұлы, екінші орынды құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов, үшінші орынды маңғыстаулық Жанболат Әлиев пен ақтөбелік Қайырхан Жұманиязов иеленіп, ақшалай сыйақы мен дипломдармен марапатталды. Ал өзге қатысушыларға алғысхат пен ақшалай сыйақы берілді.
Айтысқа Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ақын,жазушы. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, әнші, сазгер Қалидолла Ізекенов, айтыстың ардагері, белгілі ақын Мүтиғолла Ғани, «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы, «Асыл домбыра» иегері, белгілі ақын Шынарбек Қабиев, ҚР мәдениет саласының үздігі, белгілі ақын Саадат Нұрманов төрелік етті.