Аймақ - Спорт - 15.12.2023

Атырау облысының әкімі әлем чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов кёкусинкай каратэден Әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Атыраулық спортшылар кёкусинкай каратэден 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен «World Championship of Kyokushin-kan karate» әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Жерлестеріміз 35 елден 700-ге жуық спортшы қатысқан байрақты бәсекеде 1 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов татами шеберлерін жеңісімен құттықтады.

– Әлемнің 700-ден аса спортшысы қатысқан спорт додасында сіздер үздік нәтиже көрсеттіңіздер. Алған белестеріңіз құтты болсын! Бір қараса спортпен шұғылдану оңай іс сияқты көрінеді. Алайда нәтижеге жету үшін оның артында темірдей тәртіп пен мақсатына деген адалдық тұр. Жаныңызды аямай каратені игеруге төккен еңбектеріңіз ақталып, үлкен жетістікке жеттіңіздер. Облыс абыройын жоғары дәрежеде қорғап келдіңіздер. Оған қатысқан әр спортшы алғашқы үштіктен көрініп, басты орындарды иеленді. Бұл тек сіздің ғана емес, бүкіл атыраулықтардың жеңісі. Еліміздің көк байрағын көкке желбіретер жеңісті күндеріңіз көп болсын!-деді С.Шәпкенов.

Облыстық кёкусинкай каратэ құрамасының аға жаттықтырушысы Таңат Нұрымов облыс әкіміне қолдауы үшін алғыс білдірді.

– Қазіргі уақытта бұл спорт түрі облыста қарқынды дамып келе жатыр. Спортшыларымыз мықты дайындығының нәтижесінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Осылайша облыстың мерейін асқақтатты. Әлі де дайындықты күшейтіп, талай медальдарды қанжығаға саламыз. Біз жеңіске жеткен уақытта жетістігімізге бірге қуанып, қолдау білдірген облыс басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Таңат Нұрымов.

Жиын соңында аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау спортының дамуына қосқан үлесі үшін спортшыларға алғысхат табыс етті.

Анықтама:

1989 жылы Атырауда кёкусинкай каратэге арналған үйірме ашылды. Қазіргі уақытта қалада 900-ге жуық спортшы кёкусинкай каратэмен айналысады. Оларды 12 тренер жаттықтырады.