Бұқаралық спортқа жыл сайын 1,2 млн адам тартылады
Елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 7,6 млн адам шұғылданады, бұл – ел халқының 38,5 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай 50% пайызға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Дене шынықтыру, спорт дамыту – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ұлтты сауықтырудың және Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтудың тиімді құралы.
Саламатты өмір салтын насихаттау бойынша елімізде барлық жас санатына бағытталған 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі. Оған республика бойынша жыл сайын 1,2 млн адам қамтылады, оның ішінде ауылдық жерлерде – 500 мың адам.
Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. Биыл 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 43,2 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылды, бұл 6 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысуға мүмкіндік береді.