Атырауда республикалық пікірсайыс турнирі өтті
Атырауда ұйымдастырылған республикалық дебат турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Атырау облысы Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығы білім беру мекемесі басшыларының арасында дәстүрлі ІІІ республикалық «Director`s CUP» дебат турнирін өткізді. Оған еліміз бойынша 11 өңірдің мектеп басшыларынан құралған 21 фракция қатысты.
Дебат америкалық парламенттік форматқа (АPF) сәйкес жүргізілді. Сөзге еркіндік берілер пікірсайыс алаңында «Бұл палата мұғалімнің кез-келген қосымша жұмысы бағалануы керек деп есептейді», «Мемлекет әлеуметтік желінің дамуын реттеу керек», «Білім беру сапасын арттыруда халықаралық зерттеулердің қажеттілігі бар», «Отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы мемлекеттік саясат сәтті әрі нәтижелі», «Мұғалімнің кәсіби дамуы – әр мұғалімнің өз жауапкершілігі» қарарлары қозғалды.
Мектеп басшылары арасында республикалық деңгейде ұйымдастырылып, биыл ІІІ турнирі өткізілген бастама – Қазақстанның білім беру мекемелері арасындағы алғашқы тың жобалардың бірі. Пікірсайыс алаңында сөз бастау, өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылау арқылы азаматтық көзқарас және конструктивті диалог пен пікірталасты жүргізу мәдениеті, басқарушылық идеясы мен шығармашылық белсенділігі, өз көзқарасы мен ұстанымын жеткізе білу қабілеті – бүгінгі басқарушы тұлғаның бойынан табылуы тиіс басты құзірет. Турнирге қатысушы фракциялар қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеріп, тың идеялар мен механизмдерді ұсына білді.
Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған пікірсайысшы мектеп басшылары арасында «Қазақша QUIZ» зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Олар 10 турдан тұратын зияткерлік сайыста бақ сынап, ой жарыстырды.
Төрешілердің шешімі бойынша мұнайлы астанада өткен сөз сайысының жеңімпазы болып Ақмола облысының «Шың» фракциясы табылды. Шымкент қаласының «Керей мен Жәнібек» фракциясының спикері Рахат Арғынбай «Ең үздік спикер» атанды. Ал Ақмола облысының «Шың» фракциясының мүшесі Мирамбек Рахимжанов «Үздік спикер» номинациясын иеленді.
Жүлделі екінші орын Шымкент қаласының «Керей мен Жәнібек» фракциясына бұйырды.
Ал сайыстың ІІІ дәрежелі дипломын Жамбыл облысының «Парасат» фракциясы мен Ақтөбе облысының «Ақтөбе» фракциясы қанжығалады.
Айта кетейік, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Абай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарынан қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хат пен сертификат, арнайы сыйлықтар табысталды.