Республикада жүк тасымалы 22%-ға артқан
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік құралдарымен жүк тасымалдауды және транзитті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев баяндағандай, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша республикада жүк тасымалының көлемі 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі 42%-ды құрап отыр.
Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалуда. Өткен жылмен салыстырғанда 44% деңгейінде – 2,5 млн тоннадан 3,6 млн тоннаға дейін өсім байқалады. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі, аталған бағыт бойынша жүк тасымалы 2 есеге, яғни, 1,5 млн тоннаға дейін артты. Сонымен қатар, Қытайдан Еуропаға тасымалданатын транзиттік жүктердің көлемін одан әрі арттырудың үлкен әлеуеті бар. Ағымдағы серпінді сақтай отырып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит деңгейі 2029 жылға қарай 5 есеге артады, бұл ел экономикасының дамуына оң әсер етеді.
Теңіз арқылы жеткізілетін жүктерді автокөлікке аудару және тасымалдарда отандық операторлардың үлесін ұлғайту үшін бонд қоймаларын ұйымдастыру, өткізу бекеттерінің қуатын арттыру, ішкі автопаркті кеңейту, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын бөлудің тиімді жүйесін енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қорғас» көлік торабын кеңейту шаралары туралы, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласының айналма жолында жол бойындағы қызмет көрсету нысандары үшін учаскелерді бөлу рәсімдерін жеделдету туралы айтты. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру туралы баяндады.
Әлихан Смайылов автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторларына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км-ні құрайды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады.
– Аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты, — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді.
Сонымен қатар, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет.
– Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы сонымен бірге халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар екенін айтты. Қазақстан мұндай рұқсаттарды көптеген мемлекеттермен тепе-теңдің негізде алып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймауды тапсырды.
Премьер-Министр жол бойындағы қызметтің сапасына да назар аударды. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеді.
– Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Қызмет көрсету нысандары үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты, инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандары мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарды белгіленген Ұлттық стандарт баяғыда қабылдап қойғанын еске салды. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Алайда, сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді.
Премьер-Министр жыл соңына дейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажет.
Сонымен қатар, Әлихан Смайылов Көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу, сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізу, сондай-ақ инвесторлар тарту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген механизмді пысықтау қажеттігін атап өтті.
– Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі қажет, — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.