Қазақстан су мәселесін Жапониямен бірге шешуге мүдделі
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямадамен кездесті. Тараптар отандық су саласын дамыту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Елші су ресурстарын пайдалану және басқару мәселелерімен айналысатын жеке министрлік құру басқа мемлекеттер үшін үлгі болатын өте маңызды және дұрыс қадам екенін атап өтті.
Сондай-ақ Джун Ямада Жапонияның Қазақстанмен ұзақмерзімді және толыққанды ынтымақтастыққа мүдделі екенін мәлімдеді. Ал су технологиялары саласында жұмыс істейтін жапон компаниялары елімізде өз жобаларын іске асыруға, атап айтқанда, суды қайта пайдалану бағытында серіктестік орнатуға ниетті екенін айтты. Елші ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жапониялық кәсіпкерлер арасында байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Нұржан Нұржігітов министрлік Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру бойынша тәжірибесін зерттеуге ниетті екенін атап өтті, сондай-ақ жапондық сарапшылар мен ғалымдарды тарту арқылы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.
Сонымен қатар, министр елімізде су айдындарын тазарту технологияларына сұраныс жоғары екенін айтып, Жапониядағы ең ірі Бива көлін тазартуды мысалға келтірді. Министр жапониялық мұхиттанушы ғалымдарды Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың мүмкіндігі зор бағыттарын талқылауды жалғастыруға келісті.
– Халықаралық ынтымақтастық – біздің министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Себебі, Қазақстан трансшекаралық өзендерге тәуелді. Алайда біз көршілермен ғана емес, басқа мемлекеттермен де байланыс орнатуға дайынбыз. Олардың тәжірибесін қабылдауға, бірлескен жобаларды іске асыруға және заманауи технологияларды енгізуге ниеттіміз. Біздің Жапониямен ынтымақтастығымыз берік әрі нәтижелі болады деп үміттенеміз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.