Атырауда МӘМС мәселесі бойынша кездесу ұйымдастырылды
Жұмыскер мәдениет үйінде қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың төрағалығымен мемлекеттік әлеуметтік медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы және қаржыландыру жөнінде тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Н.Ермұханов өз кезегінде, бұл жиынның басты мақсаты мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты қала тұрғындарына түсіндірме жұмысын жүргізіп, ақпараттандыру екенін айтып өтті.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жөнінде баяндама жасады.
– МӘМС жүйесі жинақтаушы Қор болып табылмайды. Бұл жарналар мен аударымдардың мөлшеріне қарамастан, пациенттердің МӘМС медициналық қызметтеріне тең қолжетімділігіне ие әлеуметтік жүйе. Сақтандыру мәртебесі жоқ пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі тізбесіне кіретін медициниалық көмекті ала алады. Бүгінде Атырау қаласы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылмаған азаматтардың саны 56071-ді құрап отыр. Айта кетейік, балалар, зейнетақы төлемдерін алушылар, мүгедектігі бар жандар мен күндізгі бөлімде оқитындар және белгілі бір көп балалы аналар сынды 5 санат арнайы жеңілдік арқасында мемлекет тарапынан сақтандырылады, – деді Б.Газизов.
Сонымен қатар, облыстық Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Алмагүл Абилова және №4 қалалық емхана басшысының орынбасары Бекжан Наурызұлы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесу барысында №4 қалалық емхананың көмегімен ұйымдастырылған «Медицина – жаныңызда» акциясы өтіп, қала тұрғындары шағын тексеруден өтті.
Іс-шара «Әлеуметтік сақтандыру – денсаулық кепілі» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.