Қазақстандағы мектептер Starlink технологиясына қосыла бастады
ҚР Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық мектептердегі интернет сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Жыл басында мектептердің 19 пайызы ғана талапқа сай болса, бүгінде еліміздегі мектептердің 65 пайызында интернеттің жылдамдығы артқан, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Вице-министр Айбат Ілиясов атап өткендей, осы жылы Оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп мектептердегі интернет жылдамдығына қойылатын талаптарды бекітті.
– Барлық мектеп бойынша жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді толық пайдалану үшін интернет желілеріне қосылу технологиясына инвентаризация жүргізілді. Нәтижесі бойынша Starlink технологиясына қосылу үшін интернет жылдамдығы төмен мектептердің тізімі жасалды. Пилоттық жоба аясында 2024 жылдың маусымына дейін бұл мектептерді Starlink технологиясына кезең-кезеңімен қосу жоспарлануда, – дейді Оқу-ағарту вице-министрі.
Айта кету керек, Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы 10 ауыл мектебі пилот ретінде Starlink технологиясына қосылды. Егер бұрын олардағы интернет жылдамдығы 4 Мбит/с аспайтын болса, енді жылдамдық 150 Мбит/с дейін жетті.
2024 жылдың маусымына дейін 2000 мектепті SpaceX интернетіне қосу жоспарлануда. Мектептердің негізгі үлесі Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарында.