Сағыз ауылы салауатты өмір салтын қолдайды
Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылдық округі әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүгіруден «Сағыз–2023» марафоны өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Осылайша 3 шақырымдық қашықтыққа жүгірген отызға жуық жас марафоншы салауатты өмір салтын ұстанудың үздік үлгісін көрсете білді.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болғандар қаржылай сыйлықпен марапатталды. Марафонның нәтижесінде, Тұманбай Тағыберді басқалардан оқ бойы озық келіп, 50 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал мәреге екінші келген Құлан Арсенге 40 000 теңгелік сый-сыяпат ұсынылды. Сондай-ақ, Құлан Ардақ ІІІ орын алып, 30 000 теңгеге иелік етті.
Мәре сызығын төртінші және бесінші кескен Сергей Мейрамбек пен Қайрат Әбунасыр тиісінше 20 000, 10 000 теңгені жеңіп алды.
Марафонның негізгі мақсаты – жастардың денсаулығын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру, жас буынның бос уақытын ұтымды ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу.