Ақжар-2 ықшамауданында жаңа мектеп бой көтеруде
Атырау қаласындағы Ақжар-2 ықшамауданының шекарасы кеңейіп, тиісінше тұрғындар саны да күн санап артуда. Осыған орай аталған мекен-жайда №44 мектеп-гимназиясының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Атырау қаласы білім бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, үшқабатты мектептің құрылыс жұмысы 2020 жылы басталған. 2,9 гектар жерге орналасқан білім ордасының мердігер мекемесі – «Бекболатовтар Құрылыс компаниясы» ЖШС. Ғимараттың жалпы ауданы – 8478,7 шаршы метр. Нысанның аумағы қоршалған және негізгі ғимараттың орналасуы, дене шынықтыру-спорт, демалыс, оқу-тәжірибе, экономикалық болып аймақтарға бөлінген.
Бүгінде 600 орындық жаңа мектептің қабырғасын қалау жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталды. Пайдалануға үшінші тоқсанның басында беріледі деп күтілуде. Аталған нысанның құрылыс барысы облыстық Құрылыс басқармасы мен қалалық білім бөлімінің жіті бақылауында.