Үйге газ орнату жеңілдеді
Биылғы қазан айының басынан бастап Қазақстан азаматтары өздерінің тұрғын үйлері мен объектілерін газдандыру үшін техникалық шарттарды eGov.kz порталынан онлайн ала бастады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
EGov.kz порталындағы осы жаңа қызметтің іске қосылуы үшін ҚР Энергетика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп жұмыс істеді.
Қысқа уақыт ішінде 300-ден астам азамат eGov.kz порталы арқылы техникалық шарттарды алуға өтінім берді. Барлық өтінім «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалдарының Халыққа қызмет көрсету жөніндегі операциялық қызметтерінде тіркеледі және өңделеді. Бүгінгі таңда өтінімдердің көбі Қостанай, Түркістан облыстарының, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларының тұрғындарынан келіп түсті.
Айта кетейік, жеке тұлғалар электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, eGov.kz порталы арқылы газдандыруға қажетті техникалық шарттарды алуға, өз үйлерінен шықпай-ақ, өтінім бере алады. Техникалық шарттарды беруді қарастыру мен беру процесіне техникалық күрделі емес объектілер үшін 5 жұмыс күні және техникалық күрделі объектілер үшін 10 жұмыс күні кетеді.
EGov.kz порталында объектілерді және тұрғын үйлерді газдандыруға техникалық шарттарды алу үшін азаматтар бар болғаны бірнеше қарапайым әрекеттерді жасауы керек:
- kz порталында жеке тіркеуден өту;
- Байланыс телефонын және электронды почтаны көрсету;
- Тұрғылықты мекенжайды таңдау;
- Газдандыру объектісінің мекенжайын таңдау;
- Техпаспорттың скан көшірмесін қоса тіркеу;
- Газдандыру объектісі бойынша деректерді көрсету;
- ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою;
- Техникалық шарттардың берілетіні немесе берілмейтіні туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жауабын күту.
Газдандыру қалалар мен шалғайдағы кенттердің дамуына оң әсер етеді, өндірістік және әлеуметтік саланы одан әрі дамыту үшін мүмкіндік береді. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Астана қаласында табиғи газға ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 қосты. Осы инфрақұрылымдарды газдандыру халықты жылумен жабдықтау тапшылығын жойды.
Компанияның ақпаратына сәйкес, биылғы 10 айда абоненттердің жалпы санына (2,3 млн немесе 11,7 млн. тұрғын) тағы 60 381 абонент қосылды, бұл 300 мыңнан астам тұрғын. Соңғы 10 ай ішінде 64 елді мекен табиғи газға қосылды, 67 900 техникалық шарт берілді, желілерді цифрландыру, жаңғырту және жаңаларын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ішкі нарыққа газ 66 мың км-ден астам газ құбырлары арқылы жеткізіледі.