Биыл 18 мың қазақ атамекеніне оралды
Жыл басынан 1 қарашаға дейін 17 903 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 124,9 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,8%) – Өзбекстаннан, 19%-ы – Қытайдан, 11%-ы – Моңғолиядан , 7,6%-ы – Ресейден, 6,5%-ы – Түрікменстаннан және 2,1%-ы – басқа елдерден.
Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,7%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы жоғары білімді, 34,5%-ы орта кәсіби білімді, 41,7%-ы жалпы орта білімді, және 8,5%-ында білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Оларды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлерлерге жіберілген. Нақтырақ айтқанда, көбі Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына тұрақтаған.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде және тұрғынүй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері 1254 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 522 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1254 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғынүй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 058 өтініш (690 отбасы) қабылданды.