«Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты республикалық байқау қорытындыланды
Облыстық халық шығармашылық орталығында зағип жандар арасында өткен «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты республикалық байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, байқаудың қорытынды кешіне «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрайымы Маржан Ерғалиева қатысып, фестивальді ұйымдастыруға белсенділік танытқан Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов пен ұжымға және «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің әр облыстағы филиал төрайымдарына Алғыс хат табыстады.
– Бүгін республикалық деңгейде алғаш рет осы Атырау қаласында ұйымдастырылып отырған байқауымыз өз мәресіне жетіп, топтан суырылып алға шыққан жеңімпаздарымызды марапаттау рәсімі өтуде. Конкурстың жоғары деңгейде өттуіне атсалысқан барша ұжымға және осы фестиваль үшін біздің өңірге арнайы келген қонақтарымызға алғысымды білдіремін. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер. Жалпы бұл іс-шараның басты ерекшелігі – зағип жандар арасындағы келесі байқауды бүгін бас жүлде иеленген өңір өткізеді. Сіздерге сәттілік тілеймін, – деді М.Ерғалиева.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова фестивальден алған өз әсерімен бөлісті.
– Сайысқа қатысушы жандардың мүмкіндігі шектеулі болса да, жүректерінде тұнған сезім мен өнерге деген сүйіспеншіліктерімен бізді тебірентіп, шараны жоғары деңгейде алып шықты. Байқау болғаннан кейін жеңіліс те, жеңіс те болады. Бар күш-жігерлеріңізді жиып, осы додаға қатысқандарыңыздың өзі үлкен жетістік. Біз әділ қазы алқаларымен бірге сайыскерлердің өнерін тамашалап, салыстырмалы түрде бағалай отырып, өзіміздің әділ шешімімізді шығардық. Барша қатынасушы өнерпаздарға үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Г.Сүндетова.
Ерекше жандар арасында өткен өнер додасын қорытындылай келе, бас жүлде мен 600 мың теңге жүлде қоры Қызылорда облысының өнерпаздарына, I орын мен 500 мың теңге Атырау қаласының командасына бұйырды. Ал Атырау облысы мен Батыс Қазақстан облысынан қатысушылар жүлделі II орын мен 400 мың теңге иеленді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Абай және Маңғыстау облыстары III орын және 200 мың теңге сыйақыны еншіледі.
Сонымен қатар, Ақтөбе, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан қатысқан өнерпаздарға Алғыс хаттар мен 150 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.