Өрттен 81 жастағы кейуана құтқарылды
Бүгін сағат 15:10-да Атырау қаласы, Байтақ ықшамауданында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үйлердің бірінен түтін шыққаны туралы дабыл түсті. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу шақырту орнына жетіп, жалпы ауданы 15х12 болатын екі қабатты тұрғын үйдің жануын анықтаған, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Қатапов жұмыстан тыс уақытта өрт шыққан үйдің маңынан өтіп бара жатып, дереу жалын шарпыған баспанаға кірген. Нәтижесінде, өрт ішінде қалған 81 жастағы қарт әжені көтеріп, далаға шығарған. Кейін жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Дәрігерлердің сөзінше, 81 жастағы қария өрт салдарынан 3 дәрежелі күйік алып, жансақтау бөліміне жатқызылыпты.
Жалпы, Атырау облысы ТЖД 20 қызметкері мен 4 техникасы оқиға орнына жұмылдырылды. Нәтижесінде, өрт 15:34 сағатта оқшауланып, 16:29 сағатта толықтай жойылды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.
Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы