Атырауда республикалық театрлар фестивалі басталды
Атырау облысы әкімінің қолдауымен, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен дауылпаз ақын, жалынды жырау, күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған I республикалық театрлар фестивалі басталды. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар қызметіне сүйене отырып БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Мәдени шара ұлт-азаттық көтерілістің жалынды жыршысы, халқымыздың азаттығын көксеген күрескер, қазақтың өр рухты ақыны Махамбет мұраларын дәріптеу, атын ел есінен ұмыт қалдырмау мақсатында өткізілуде.
Фестивальге іріктеуден өткен еліміздің 7 театры қатысып отыр. Атап айтсақ, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, Көкшетау қаласынан Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры және Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры мен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры да байқауда бақ сынамақ.
Өз кезегінде облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов фестивальге келген арнайы қонақтарға алғысын білдіріп, театр ұжымдарына сәттілік тіледі.
– Мәдениет пен әдебиетті жоғары деңгейде насихаттап келе жатырған осы қара шаңыраққа баршаңыз да қош келдіңіздер! Биыл қазақ тарихында ойып тұрып із қалдырған асыл тұлғаларымыздың мерейтойларын ауқымды түрде тойлау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі және бірегейі осы М.Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған театрлар арасындағы республикалық фестиваль. Іс-шараға арнайы ат терлетіп келген қонақтарға, театр ұжымдарына алғыс білдіреміз. Шығармашылық жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Ә.Жоламанов.
Сонымен қатар, фестивальге қазақтың белгілі актері, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Тұңғышбай Жаманқұлов қазылар алқасының төрағасы ретінде қатысуда.
– Өнер дарыған жер осы Атырау елінде жыршылар да, күйшілер де, өнерпаздар да бек бәрі жиналған. Сондықтан осы өңірде өнер мерекесінің жан-жақты тойлануы құптарлық дүние, елдіктің нышаны. Сондай-ақ өнерін сыйлайтын мемлекеттің ерекше қасиеттерінің бірі. Махамбет сөздерінің барлығы дерлік өткір, адуынды. Біз осы М.Өтемісұлының 220 жылдығын жоғары деңгейде өткізуге арнайы келіп отырмыз. Бүгінгі өнер додасы тартысты өтіп, қойылымдар асқан шеберлікпен сахналанады деген үміттеміз. Қазақ өнерін шарықтатып, театр әлемінде биіктерден бірге көріне берейік, – деді Т.Жаманқұлов.
Айта кетейік, қазанның 18-не дейін жалғасатын фестивальді Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналауымен бастады.