Атырауда өнер мектебі фортепианоны 1,5 млн теңгеге алмақ болған
Атырау облысында өнер мектебі бір фортепианоны 1,5 млн теңгеге сатып алмақ болған. Негізі, музыкалық аспаптың орташа бағасы бұдан 2,3 есеге арзан. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО Kazinform сайтына сүйеніп хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл деректі волонтерлер анықтаған.
– Махамбет аудандың білім бөліміне қарасты З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі фортепианоның бір данасын 1 млн 510 мың 400 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Осылайша 10 музыкалық аспап үшін жалпы сомасы 15 млн 104 мың теңге қарастырылған, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер тобы музыкалық аспаптың орташа бағасына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында жоспарда көрсетілген тауардың орташа бағасы 651 мың 544 теңге екені анықталып отыр.
– Еріктілер араласқаннан кейін тауардың бағасы өзгертіліп, 870 мың теңге болып белгіленді. Осылайша еріктілер музыкалық аспаптың бағасынан 6 млн 404 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатының үнемделуіне ықпал етті, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырау облысында Мақат ауданы әкімінің аппараты көшетті үш есе қымбатқа сатып алмақ болған еді. Олар әр түп көшетті 15 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Жалпы, көшеттің нарықтағы бағасы – 5 мың теңге. Ал аудандық әкімдік бұл мақсатқа 1,5 млн теңге бөлген.