Атырауда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбаевамен кездесу өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Ұлттық құндылық — тәрбиенің қайнар көзі» атты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбаевамен кездесу дәрісі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесу барысында С.Мешітбаева жастар алдында өзінің өмірбаянымен, кәсіби жолындағы деректерімен және өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ жас буынға үлгі боларлық ғибратты оқиғаларына тоқтала отырып, мақсатқа жету жолында аянбай еңбектену керектігін айтып, жігерлендірді.
— Қасиетті Алаштың арысы Халел Досмұхамедов бабамыздың атындағы оқу ордасына келіп, сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мен журналист те, қазақ тілі мамандығының мұғалімі де емеспін. Мен география мен биология пәнінің мұғалімімін. Журналист болуды бала кезімнен армандап, ана тіліміз бен әдебиетімізге деген қызығушылығымның арқасында 63 жасымда мақсатыма жеттім және көпшілікті мойындата білдім. Сол себепті сіздер де алдарыңызға мақсат қойып, тынбай әрекет етіңіздер, — деді С.Мешітбаева.
Сонымен қатар, «Ұлттық құндылық — тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбы аясында да өнегелі әңгімелерін айтып, ұлт болашағы – жастардың қолында екенін тілге тиек етті.
— Мені алаңдататын ең бірінші мәселе – ұрпағымның тәрбиесі. Ұлдың намыссыздығы мен қыздың арсыздығы. Олардың қазақтың ұлы мен қызы деген атқа лайықты өмір сүруі. Жастарымыз бүгінде әлеуметтік желілерге байланып, санасы улануда. Оны пайдалы мақсатта қолданып үйреніңіздер. Қазақ қарттарын сыйлап, жетімдерін жылатпаған ел. Осы құндылықты жоғалтпай, ата-аналарыңызды қадірлеңіздер. Шет елдерге еліктемей, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық қасиеттерін ұмыт қалдырмаңыздар! — деді С.Мешітбаева.