Аймақ басшысы жергілікті кәсіпкерлермен кездесті
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен бақылау-қадағалау органдарының бизнес өкілдеріне бірыңғай есеп беру жиыны өтті, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» ақпараттық порталы.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмасейітов өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2022 жылы бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша рейтинг қорытындысына сәйкес 17 аймақ арасында Атырау облысы алтыншы орынды иеленген.
— Өңірде кәсіпкерлік субъектілерді төмен пайыздық несиемен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 2023 жылы бюджеттен 11,4 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде, несие сомасы 35,8 млрд. теңгені құрайтын 816 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, 550 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражаттар қарастырылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Соңғы 10 жылда жергілікті бюджеттен 3,8 млрд. теңге бөлініп, 718 жаңа жұмыс орындарының құрылуымен 567 бизнес нысаны қолдау тапты,- деді Н.Жұмасейітов.
Ал Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Нариман Биғали бизнесті құқықтық қорғау туралы баяндама жасады. Ол салынып жатырған нысандардың және заңсыз жүргізілген құрылысты анықтау бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар заңсыз салынған тұрғын үй кешені анықталғанын айтты.
— Атап айтқанда Атырау қаласы аумағында бірқатар тұрғын үй кешені анықталды. Олар: «Жібек жолы», «Ақмаржан», «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat», «Quattro», «Асыл тас», «Мальтийскй дворик», «NB Towers», «Көктем», «Rayana park». «Жібек жолы» және «Ақмаржан» тұрғын үй кешені бойынша сот процесі аяқталды. «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat» тұрғын үй кешендері бойынша пайшылардың арызы негізінде тергеу істері жүргізіліп жатыр. «Көктем» тұрғын үй кешені бойынша заңсыз құрылыс жөнінде сот шешімі қабылданды. Қазіргі таңда заңсыз құрылысты бұзу 2024 жылдың наурыз айына қалдырылды. «NB Towers» тұрғын үй кешені бойынша жеке тұлғаның арызы негізінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. ҚР ӘҚБтК-тің 316 және 321-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және осы Кодекстің 463-бабына сәйкес хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолданды,- деді Н.Биғали.
Кездесуде субсидия алу, жер телімін бөлу, электр жарығы тарифінің бағасын түсіру, балық шаруашылығын дамыту үшін бағдарлама енгізу, жылыжайлар санын арттыру, инфрақұрылым жүргізу сынды мәселелер талқыланды.
Серік Шәпкенов келесі кездесудің форматын сұрақ-жауап түрінде емес, панельдік отырыс ретінде өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, орынбасары Марат Мурзиевке кәсіпкерлермен бірлескен түрде Атырауды бизнеске қолайлы өңір ретінде дамытуға бағытталған жоба жасауды тапсырды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін көмек ашық әрі жариялы түрде болуы қажеттігін қаперге берді.
— Бүгінгі жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылау-қадағалау органдарының өңірлерде бизнес-қауымдастық алдында «Бірыңғай есеп күнін» өткізу бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Атырау өңірі бизнестің дамуына қолайлы облыстардың бірі саналады. Бизнес — экономиканың нағыз «локомативі». Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік субъектілері санының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, сондай-ақ, бюджетке түсетін салық түсімдерінің артуына септігін тигізуде, деді облыс әкімі.