Мергендер мойындатқан күн
Бүгін қазақстандық спортшылар Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарынан қос алтын медаль иеленді. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стенд атудан аралас жұптық сайыста бірінші орын алса, Зухара Ирназарова 10 метр қашықтықтағы жылжымалы нысананы дәл көздеуде алдына жан салмады. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Аралас жұптық сайысқа шыққан спортшыларымыз ақтық сында кувейттік қарсыластарын 40:35 есебімен қапы қалдырды. Ал 560 ұпай жинаған отандасымыз Зухара соңғы кезеңде солтүстіккореялық екі мергенді артқа тастап, азиаданың алтынын еншіледі.
Естеріңізге сала кетейік, дәл қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс және 12 қола бар. Ал турнир кестесінде дәл қазір (28 қыркүйек, 12:00) Иран Ислам республикасын алға салып 9-ыншы орында келеміз.