Бүгінде 2300-ге жуық атыраулық жүрек ауруымен тіркелген
Облыс бойынша жыл сайын скринигтік тексеру жұмыстары жүргізіледі. Скрининг 30-70 жас аралындағы адамдарды қамтиды. Бүгінде облыста 50 мыңнан астам кісі тексерілген болса, солардың 2300-ге жуығынан жүрек ауруы табылған. Бұл туралы облыстық кардиология орталығының дәрігері Айдана Ізмұханова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазіргі таңда жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 50%-ға жуығын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек-қан тамырлары ауруларының эпидемиясы — тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп отыр. Қоршаған ортаның жағымсыз факторларының 80%-дан астамы адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік жүрек-қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамыры ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фактор, ол – темекі шегу. Орта есеппен алғанда темекі шегу адам өмірін 7-10 жылға қысқартады екен. Темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегетін адамдар миокард инфарктісіне шалдығуы екі есе көп, ал осы аурудан қайтыс болатындар саны темекі шегетіндер арасында шекпейтіндермен салыстырғанда 4 есеге артық болып отыр, — деді А.Ізмұханова.
Оның айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын-алу үшін бірнеше маңызды нәрселерді есте сақтау керек. Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту және тиімді тамақтану ережелерін сақтау қажет. Сонымен қатар, майлы тамақтардан бас тартып, тұзды пайдалану мөлшерін тәулігіне 4 граммға азайтқан жөн.
Фото rgmedia.kz сайтынан алынды.