С.Шәпкенов Сафон ауылдық округіндегі медициналық ахуал жайында айтты
Атырау облысының әкімі Сафон ауылдық округіндегі медициналық ахуал жайында айтты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып «Батыс-Инфо» порталы хабарлайды.
Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Сафон ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында өңір басшысы ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның апатты жағдайда екендігін, сондықтан типтік жүйедегі дәрігерлік амбулатория салынатындығын айтты. Одан бөлек, медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесін де көтерді.
«Бұл мәселені шешу үшін биылдан бастап өңірге келетін дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейттік. Яғни ауылдық жерлерге келетін мамандарға 5 млн. теңгеге дейін бірреттік берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылды», — деді С.Шәпкенов.
Құрманғазы ауданына 5 жедел жәрдем көлігі берілмек. Оның біреуі Сафон ауылына тиесілі болады. Қазіргі уақытта сатып алу конкурсы жарияланған.
Сафон тұрғындары бұдан бөлек инфрақұрылым жүргізу, тас жол салу, шалғай елді мекеннен мектепке бала тасымалдайтын автобус беру, электр жарығын жүргізу және т.б. мәселелер турасында айтты.