Өңірде «Worldskills Atyrau–2021» чемпионаты бастау алды
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өңірде VI «Worldskills Atyrau-2021» чемпионатының ашылуы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды аталған салаға тарту. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы өкілдері және жұмыс беруші әлеуметтік серіктестер қатысты.
– 24-28 мамыр аралығында өтетін чемпионатқа облыстың 19 колледжінде білім алатын 170-ке жуық студент қатысқалы отыр. Биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі – құзыреттілік аясының кеңеюі. Осы жолы қатысушылар 33 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Студенттер арасында үздіктер мен мықтыларды республикалық жарысқа алып барамыз. Республикалық додада кем дегенде 3 алтын алуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ербол Хамзин.