Президент ауызсу мәселесін шешуді тапсырды
Атырау облысының табысты дамуы үшін аймақты энергиямен тұрақты түрде қамтамасыз ету керек. Дегенмен бұл бағытта да әлі пысықтайтын жұмыстар бар. Сондықтан Үкімет бұл тарапта кешенді шаралар қабылдауы қажет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге қатысты өткізген кеңесте айтты.
Өзекті дүниенің бірі – өңірді сумен қамтамасыз ету. Жайық өзені қатты тартылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап барады. Бұл мәселе онсыз да ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындарды толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де үлкен қиындықтарға тап болды.
– Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан–Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге, Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Өңір халқының бір бөлігі мен мұнай өндіретін компаниялар «Астрахан–Маңғышлақ» су құбырынан ауызсу алып отыр. Бүгінде бұл су құбырының тозығы жеткен. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Әлі күнге дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауызсу жетпеген. Президент Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді.