Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына – 29 жыл
1992 жылғы 2 наурыз Қазақстан тәуелсіздігін дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған ел тарихындағы маңызды оқиғаға толы күн. 29 жыл бұрын Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 168-ші мүше-мемлекет атанды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
1945 жылы құрылған БҰҰ 76 жыл өтсе де бүгінде баламасыз әмбебап жаһандық ұйым болып қала береді және бүкіл адамзаттың мүддесі мен қажеттілігіне аянбай қызмет етіп келеді.
Тәуелсіздік алған кезден бері Қазақстан БҰҰ-мен табысты екіжақты әріптестік орнатып, Ұйым Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын толық ұстанатынын көрсетті. БҰҰ-мен тиімді ынтымақтастықтың қалыптасуына жоғары деңгейдегі көптеген байланыстар ықпал етті. 1992 жылдан бері Қазақстан Республикасының Президенті Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне 11 рет барып, Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі жалпысаяси дебаттарында 9 рет сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан, Пан Ги Мун және Антониу Гуттериш елімізге бірнеше рет ресми сапармен келді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2011–2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарды.
Ұйымдағы мүшелігіміздің шарықтау шегі – Қазақстанның 2017–2018 жылдар аралығында Орталық Азияда бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлануы болды. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі органға мүше болу Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы белсенді және жауапты серіктес ретіндегі беделін нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстанның БҰҰ-мен екіжақты қарым-қатынасы тек әлемдік және аймақтық деңгеймен ғана шектелмей, елімізде де қарқынды дамып келеді. ҚР Үкіметінің БҰҰ-мен ынтымақтастығы 2021–2025 жылдарға арналған тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастықтың Негіздемелік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады. Ол үш бағыттағы жұмысты қамтиды: адами даму және тең қатысу; тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік; тұрақты қоршаған орта және инклюзивті экономикалық даму.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Ұйым жүйесінің 23 құрылымы жұмыс істейді.