«Спутник V» вакцинасының өнеркәсіптік партиясы шығарылды
Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник V» вакцинасының өнеркәсіптік партиясын шығарды.
Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) базасында «Гам-КОВИД-Гак» («Спутник – V») вакцинасының өндірісін және өңірлерге вакцина жеткізу барысын тексерді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтикалық кешенде вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі қысқа мерзімде жолға қойылды. Бүгін Қазақстанның барлық өңіріне «Гам-КОВИД-Гак» вакцинасының 90 мың дозасы жөнелтіледі. 2021 жылғы наурызда 150 мың доза өндіру жоспарланып отыр, ал сәуір айынан бастап 600 мың дозаға жетеді. Осылайша, халықты жоспарлы түрде COVID-19-ға қарсы вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз, – деді вице-премьер Ералы Тоғжанов.
«СҚ-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында жасалған өзара түсіністік туралы келісім аясында 2 млн. астам доза жеткізу, препарат сынақтың барлық сатысынан өткеннен кейін 5 млн. дозаға дейін арттыру жоспарлануда.