Кәсіпкерлерге мобильді қосымша арқылы аударылатын ақшаға салық салынбақ
Елімізде қазақстандықтар кәсіпкерлерге мобильді қосымшалар арқылы жіберетін ақша аударымдарын (картадан картаға) салықтармен қамту жоспарланып жатыр. Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов айтты.
– Сонымен қатар, кәсіпкерлерге банктік мобильді қосымшалар арқылы тұтынушылардан түсетін ақша аударымдарын фискализациялау мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет. Біз қолма-қол ақшасыз төлемдердің көбеюі жақсы қарқынмен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, сонымен қатар, тиіс салықтарды төлеуге міндетті кәсіпкерлердің қызметін салық салумен толық қамту міндеті тұр, – деді Әлихан Смаилов Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде.
Смаилов салық салу бүгінде кәсіпкерлерге берілген босатуларды ескере отырып жүргізілуі керек екенін атап өтті.