Атырауда «30 игі іс» қайырымдылық акциясы басталды
«Қоғамдық келісім» КММ «Достық» үйінде «30 игі іс» акциясы аясында қайырымдылық марафонын ұйымдастырды.
Оған этномәдени бірлестік өкілдері мен шығармашылық топтары, Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академияның өнерпаздары, «Шексіз таланттар» би мектебінің өнерпаздары атсалысты.
Онлайн және офлайн форматта өткен шарада қайырымдылық акциясына орай татар-башқұрт, корей, орыс, украин, неміс, славян, дағыстан этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтары мен мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Шексіз таланттар» би мектебінің өнерпаздары мен Әлфия Әділқызы өнер көрсетті.
– Алдағы уақытта «30 игі іс» қайырымдылық акциясына орай ауқымды шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан, түрлі форматта өтетін мұндай қайырымдылық іс-шарасы жалғасын табады. Ал бұл шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға қайырымдылық концерт ұйымдастырып, аз да болса көмек қолын созу, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жанар Ілиясова.
Қайырымдылық акциясы кезінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді.