Оңтүстік Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеуде
Бүгін Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Корея Республикасы арасында сотталған азаматтарды алмасу туралы шарт жобасын мақұлдады. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Соған сай, Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үкімімен жазасын Отанында өтейтін болады. Егер екі елдің заңдарында сәйкессіздік туындаса, онда сот үкімі қайта қаралады. Алайда жазаның сипаты мен мерзімі Корея соты тағайындаған жазадан ұзақ болмауы тиіс.
Айта кетсек, осы күні Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Тағы 26 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал біздің елде Кореяның бір азаматы бас бостандығынан айырылған.
Келісім күшіне енген жағдайда онда сотталған Қазақстан азаматтарын елге қайтаруға мүмкіндік туады. Сотталғандарды алмасуға екі мемлекет келіскенімен, азаматтың таңдауы да назарға алынады.
Еліміз қылмыстық атқару жүйесі бойынша 70-тен астам елмен қарым-қатынас орнатқан. Оның ішінде 32 елмен 68 екіжақты келісім бар.