Биылғы Жыл құсы белгілі болды
Қазақстан биоалуандықты сақтау қауымдастығы Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп түрлердің проблемаларына назар аудару үшін жыл сайын «Жыл құсы» ақпараттық науқанын өткізеді. Орнитологтар кандидаттарды ұсынады, ал ҚБСҚ мүшелері жеңімпазды дауыс беру арқылы анықтайды.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, «Жыл құсы – 2021» бірқазан болды.
Бірқазандардың санына су деңгейінің жеткіліктілігі ғана емес, сонымен қатар, оның тазалығы да әсер етеді. Жақсы жемшөп базасы, яғни балық қоры өте маңызды. Бақылаусыз балық аулау факторы бірқазандарға зиянын тигізеді.
Бірқазандар заңмен қорғалады, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, сонымен қатар, бірқатар негізгі орнитологиялық аумақтарда өмір сүреді.
«Бірқазан жылында» түрдің негізгі аумақтарын анықтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту жоспарлануда.
Қазақстанда аталған құстың екі түрі мекендейді: қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus) және бұйра бірқазан (Pelecanus crispus).
Екеуі де ҚР Қызыл кітабына енгізілген. Біздің еліміздегі әр түрдің саны – шамамен 1 600–3 000 жұп.
Олардың ең ірі мекені Каспийдің солтүстік жағалауында, Торғай ойпатында, Теңіз-Қорғалжын ойпатында, Іле, Тентек және Қара Ертіс өзендерінің сағаларында, Алакөл ойпатының көлдерінде, Сырдария орта ағысында және сағасында, Балқаш көлінде орналасқан.
Қыстау үшін олар Таяу және Орта Шығысқа, Жерорта теңізіне, Солтүстік Үндістанға, қызғылт бірқазандардың бір бөлігі Африкаға ұшады.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы Жыл құсы ителгі болған еді.