Индерлік оқушы тамшылатып суару қондырғысын жасап шығарды
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, тамшылатып суару қондырғысын жасаған өнертапқыш – Индер ауданының С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қажымұқан Мұқанов.
– Тамшылатып суару – суды, сондай-ақ, өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық тыңайтқыштарды тамырға тікелей әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс, – дейді өнертапқыш оқушы.
Ол аудандағы оқушылар шығармашылық орталығының «Шебер» үйірмесіне 2017 жылдан бері қатысып келеді. Үйірме жетекшісі Өтепқали Нәсіпқалидың айтуынша, Қажымұқан Мұқанов – өте аңғарымпаз бала.
– Біздің үйірмеміз оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған. Мұнда оқушылар өз қабілетін шыңдап, ойға алған жобаларын іске асырады. Сондай оқушының қатарындағы Қажымұқан Мұқанов аудандық, облыстық сайыстарда бақ сынап, түрлі жүлдеге ие болып жүр, – дейді үйірме жетекшісі Өтепқали Нәсіпқали.