Атыраулық фельдшер жүкті әйелді көлікте босандырып алды
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, толғағы жиілеген әйел жедел жәрдем бригадасын шақырған. №25 бригада шақырту орнына уақытылы 10 минутта жетті
Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, бұл жағдай жаңа жыл мерекесі қарсаңында болған.
– Жедел жәрдем көлігінде болған фельдшер жүкті әйелдің жағдайын қарап, тексеріп, облыстық перинаталдық орталыққа апармақ болады. Бірақ ол сәбиін перзентханаға жетпей, жолда, жедел жәрдем машинасында дүниеге әкелген. Одан кейін біздің мамандар анасы мен нәрестесін облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Жедел жәрдемде босанған 20 жастағы әйелдің бұл – екінші жүктілігі. Дүниеге келген ұл баланың салмағы 3 келіден асады, бойы – 48 сантиметр, – дейді Наргиз Баймолдаева.
Айта кетсек, дәрігерлік қызметін кәсіби деңгейде сауатты атқарған фельдшер – Мағжан Сүйінғалиев. Жиырма алты жастағы жас маман осымен төртінші рет жедел жәрдем көлігінде жүкті әйелді босандырып отыр. Жас болса да Мағжан жүкті әйелдерге медициналық мекемелерге ертерек хабарласып, уақытылы баруға кеңес береді.