Нигерияда коронавирустың жаңа түрі пайда болды
РИА Новостидің хабарлауынша, бұл туралы Африкалық кеңес жанындағы Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығындағылар мәлімет таратқан.
– Біз Нигерияда анықтаған жағдай әзірше деректердің шектеулі көлеміне негізделіп отыр. Оның 501 деген мутациясы бар. Бұл Ұлыбритания мен ОАР-дағыдай емес, басқа штамм сияқты. Бірақ бұл екі немесе үш генетикалық қорытындыға негізделгенін қайталап айтамын. Біз Нигерияда оны кеңінен зерттеуіміз керек, – деді Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығының басшысы Джон Нкенгасонг ұйымның Twitter желісінде жүргізген онлайн-брифингінде.
Бұл жағдайдың зерттелуімен танысқан Ассошиэйтед Пресс агенттігінің мәліметінше, коронавирустың жаңа түрі Осун штатында 3 тамызда және 9 қазанда жиналған екі науқасты зерттеу кезінде анықталған. Коронавирустың бұл түрі Ұлыбританияда анықталғандай тез таралатынына дәлел жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа штамы анықталғаны және ОАР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың генетиктер 501.V2 деп атаған жаңа түрін анықтағанын хабарланған еді.