Мектеп бағдарламасына ұлттық спорт түрлері енгізілмек
Сенат ұлттық спорт түрлерін оқу бағдарламасына енгізуді көздейтін заңды қабылдады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.
– Заң жобасында білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасына ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу қарастырылып отыр. Ең алдымен, асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күресті енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, жекпе-жек сияқты ұлттық спорт түрлерінен оқушылардың денсаулығына зақым келмейтін жаттығулар мен элементтер алынады. Мұның бәрі кезең-кезеңмен іске асырылады,т– деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, қазір Нұр-Сұлтан қаласында қазақша күресті орта білім мектептерінде пилоттық жоба ретінде енгізу қарастырылып отыр.
Заң жобасының негізгі мақсаты:
• дене шынықтыруды дамытуды заңнамалық реттеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру;
• дене шынықтыру мен спортты қоғам өміріне енгізуді және бекітуді, халықтың дене шынықтыру және спортпен шұғылдану арқылы салауатты өмір салтына ұмтылысын қалыптастыру;
• халықтың барлық жас тобы арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімділігі жөніндегі шаралар;
• барлық жас санаты арасында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықты қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту;
• жастар арасында ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік пен қызуғушылықты арттыру;
• балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлері желісін кеңейту.
Сенат заңды қабылдап, президентке қол қоюға жіберді.