Индердегі ас тұз зауыты жақында аяқталмақ
Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста аудан басшысы мәлімдеді.
⠀
Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидың айтуынша, қазіргі таңда құрал-жабдықтарды сатып алу жұмыстары мен мамандарды оқыту жүргізілуде. Аталған зауытта жергілікті 60 жұмысшы еңбек ететін болады. Зауыттың сағатына 25 тонна ас тұзын өндіретін мүмкіндігі бар.
⠀
Сондай-ақ, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абдуахит Әбішевтің мәлімдеуінше, биылғы жылы 3 жоба іске қосылған. Олар: әр қайсысы 40 жұмыс орынды «BEST MODULE» ЖШС-ның метал өңдеу зауыты, «Доктор Хаус» ЖШС-нің «Медициналық бетперделер өндірісі» және Құрманғазы ауданынан «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Оған қоса, басқарма басшысының баяндауынша, өңдеу өнеркәсiбiнде қаңтар–қараша айларында өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 481,8 млрд. теңге сомасын көрсетсе, өңдеуші өнеркәсіптің экспорт көлемі 2020 жылғы қаңтар–тамыз айларында 758,9 млн. АҚШ долларына жеткен. Ал өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі қаңтар–қараша айларында 185,0 млрд. теңгеге жетіп, 350,9%-ға өссе, өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 2020 жылғы қаңтар–маусым айларында 1 адамға 31,5 мың АҚШ долларын көрсетіп, нақты көлем индексі – 106,3%-ға артқан.
⠀
Сонымен қатар, отырыста бірқатар қаулы жобалары бекітілді.
Жиын соңында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов қала, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшысына жобалардың уақытылы іске асырылуын қадағалауды, инвестиция тартуды, жұмыстарды жандандыру қажеттігі мен басқа да бірқатар тапсырмаларды жүктеді.