Карантин талаптарын бұзғандар анықталды
Атырауда полиция қызметкерлері мониторингтік топтардың құрамында белсенді жұмыстар жүргізуде.
19 желтоқсан күні сағат 23:30 шамасында М.Горький көшесінде орналасқан «Рыба моей мечты» караоке-бары карантин талаптарын орындамай, жұмысын жалғастырғаны анықталды. Тексеру кезінде аталған мекемеде 60-қа жуық адам болған. Айта кету керек, бұл караоке-бар карантиндік шектеулерді бұған дейін 8 рет бұзған.
Сонымен қатар, дәл осы күні Жангелдин көшесіндегі «End NE Stimz» паб-бары тарапынан да осындай бұзушылық анықталды.
Және 19 желтоқсан күні түстен кейін Құрманғазы көшесіндегі «Gulder bazasy» гүл дүкені қызметкерлерінің медициналық бетпердесіз және арақашықтықты сақтамай жұмыс істеу фактісі тіркелді.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша жиналған материалдар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармаға жіберіледі.
Айта кетсек, 1 желтоқсаннан бастап Атырау қаласы полиция басқармасының «102» операторы пультіне қала тұрғындарынан кәсіпкерлік нысандарындағы карантиндік шектеулердің әртүрлі бұзушылықтары туралы 24 хабарлама келіп түсті. Олардың ішінде бірнеше рет жауапқа тартылғандар да бар. Атап айтқанда, олардың қатарында «Лифт» кафесі – 13 рет; «Рыба моей мечты» караоке-бары – 9 рет; «Loft bar Urban» – 3 рет; «Китайка» мейрамханасы – 3 рет; «Бармаглот» бары – 2 рет; «Кэш» караокесі – 2 рет.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.