Атыраулық оқушылар халықаралық сайыста топ жарды
Бразилияның Ново-Гамбург қаласында «MOSTRATEC» атты 35-ші Халықаралық білім көрмесінің аясында өткен ғылыми жобада атыраулық оқушылар жүлделі орынға ие болды. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Идеялар мен терең зерттеу жұмыстарының басын қосқан додаға 35 елден 752 үміткер қатысқан. Олардың қатарында Қазақстан мектептерінен 25 оқушы бар. Соның ішінде Атырау облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының екі оқушысы топ жарып, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, 11-сынып оқушылары Ақбота Жұбатқан математика пәнінен І орынды иеленсе, Айданур Демирджи тарих пәнінен ІІІ орын алды.
Ақбота Жұбатқанның айтуынша, олар өз жобаларын ағылшын тілінде қорғаған.
– Жаздың аяқталуына он шақты күн қалған кезде менің сынып жетекшім «Mostratec» атты халықаралық ғылыми жобалар жарысы болатынын хабарлаған болатын. Міне, сол күннен бастап мен дайындала бастадым.
Пандемияға байланысты қашықтан өткізілгеніне қарамастан сайыс өте қызықты және тәжірибеге толы болды. Байқау «Jitsi meet» атты видео конференцияларға арналған мобилді қосымшаның көмегімен өтті. Мен үшін бұл дода ұмытылмастай болды, көп тәжірибе алдым, – дейді ол.
Айта кетсек, жеңімпаздарды жобаға қыздар лицейінің бейінді оқу ісінің меңгерушісі Оксюз Рахман мен Атырау университетінің мұғалімі, математика пәнінің кандитаты Аққабыл Абиров дайындаған.